Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Талғат ОМАРОВ: Білімде де, қызметте де басты мәселе — ықылас!

31/10/2017

Бүгін Нұр-Мүбарак университетіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысындағы өкіл имамы Талғат Омаров мырза өңірлік студенттермен кездесті. Қазір Сыр елінен барлығы 76 шәкірт, олардың 29-ы ақылы бөлімде білім алуда. Исламтану, дінтану, шет тілдері мамандықтарын меңгеріп жатқан жастардың білім алу жағдайы, тыныс-тіршілігімен танысып, ашық сұхбат жасады:

 

  • Қазір білімнің заманы. Сіздің білімділігіңіз өзгелерден артықшылығыңызды аңғартады. Ал білімнің алдында ең маңызды нәрсе – ықылас. Осыны білім жолында да, қызмет бабында да үнемі есте ұстасаңыз, нағыз жетістікке жетесіз. Сіздер сонау шалғай ауылға барсаңыз да, болашақ ғылыммен айналыссаңыз да, Алла разылығы, ел игілігі, дін мерейі үшін кеудеңізде жалынды ықылас болса, сол сізді абыройға да, берекеге де жеткізеді. Ал жалақы аз, басшылық жағдай жасамайды дейтін адамнан нәтиже шығады деп үміттене алмаймыз. Оған өмірде, күнделікті тіршілікте кездесетін дәлелдер өте көп,-деді Талғат Сейткәрімұлы.

Шәкірттер де ағалық ақылды ұйып тыңдап, өз ойларын өкіл имамға ашық айтып жатты. Шет елдерде білім алудың да мәселелері талқыланды. Қызылордалық имам жастарға білімді тек қана ҚМДБ-ы рұқсат еткен шетелдік оқу ордаларында алу керектігін баса айтты. Әрі ел арасында діни білім алу үшін өз беттерімен шекара асып, көп ұзамай елге оралғандардың да мысалдарын келтірді. Ауыл-аймақта мешіт жамағаттарын жұмылдырып отырған имамдардың ерен ықыласты еңбектерін өнеге етті.

Сондай-ақ Талғат Омаров мырза Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшерабевтың дін саласына, болашақ мамандарға жасап жатқан қамқорлығына тоқталып, биыл да ақылы бөлімде және студенттердің жатақханасына қатысты төлемақылары туралы қарастырылып жатқанын жеткізді. Бұл студенттерді ерекше серпілтіп тастады. Кездесу соңында өкіл имам студенттерге дастархан жайып, шай үстенде емен-жарқын әңгіме өрбітті.

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар