• Бас бет
  • Жаңалықтар
  • Уақыптар қоры  экстремизмге қарсы мамандар даярлауда ерекше қолдау көрсетті

Уақыптар қоры  экстремизмге қарсы мамандар даярлауда ерекше қолдау көрсетті

29/12/2017

Экстермизмнің алдын алу курсынан 25 имам куәлік алды!

 

Бүгін Нұр-Мүбарак университеті жанындағы Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институты үшінші түлектеріне куәлік тапсырды.  Салтанатты шарада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Алау Әділбаев:

  • Бұл институт мемлекеттік қажеттілікпен, арнайы тапсырмамен ашылды. Себебі қазір кімнен, қайдан тәлімді тәрбие алуды білмейтін де адамдар кездеседі. Сондай рухани мұқтаж жандарға қолдау жасап, діни дұрыс жолды көрсетуде сіздерге артылар үміт мол. Сіздер рухани ұстазсыздар. Осы алған білімдеріңізді ел игілігіне жұмсайды деген үміттеміз,-деді.

Ал университет проректоры Шамшәдин Керім:

  • Бұл Нұр-Мүбарак университеті 2001 жылы 1 қыркүйекте ашылды. Ал 10 күннен кейін тарихта 11 қыркүйек атымен есте қалған АҚШ-тағы оқиға бұрқ етті. Содан бері экстремизм мен терроризм тақырыбы өршіп, біздің елімізге де жетті. Сондықтан қазір білімді болу әрбір азаматтың міндеті. Ал діни сауаттылық қоғам үшін аса қажеттілікке айналды,-деп, институттың мемлекеттік маңызына тоқталып, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанындағы Уақыптар қорының қолдауына ерекше тоқталды.

Былтыр ғана ашылған бұл институттың бұл үшінші түлектері . Бұл жолғы ерекшелік еліміздің түкпір-түкпірінен келген имамдарға ҚР Дін және азаматтық қоғам министрлігі жанынан құрылған құрылған Қайрат Айтбай мырза басқаратын «Уақыптар» қоры барынша қаржылай қолдау жасады. Сондықтан бұл жолы имамдар ешқандай алаңдаусыз тиянақты білім алды дейді институт директоры Қайрат Құрманбаев. Екі айға жоспарланған имамдардың білімін жетілдіру курсы 365 сағаттық дәрістерді қамтыды. Өздік жұмыстар, тәжірибелер жасалған. Ең үздіктерге ақшалай сыйақы мен сыйлықтар табыс етілді. Ал 25 түлекке институттың арнайы куәлігі табыс етілді. Имамдардың да ризашылығы ерекше. Білікті ұстаздардан дәріс алып, көкейлеріндегі сан түрлі сауалдарға нақты жауаптар алған. Сондықтан білім жолына қолдау көрсеткен мемлекетке, ҚМДБ, Нұр-Мүбарак университеті мен Уақыптар қорына бар алғыстарын жаудырды. Пікірлері мен тілектерін айтып, естелік суреттерге түсті.