Ұлттық құндылықты ұлықтаған қыз тәрбиесіне қатысты семинар өтті

10/10/2018

«Қыз өссе – елдің көркі» деген атадан қалған асыл сөз, көкейге қонар нақыл сөз...

«Қыз өссе – елдің көркі» деген атадан қалған асыл сөз, көкейге қонар нақыл сөз Нұр-Мүбарак университетінің оқу-әдістемелік мешітінің әйелдер жамағатына арнаған семинарының негізгі тақырыбы болды. Себебі ұлт болашағының кепіліне айналған қыз тәрбиесі бүгінде өзектілікке айналғаны рас. Сондықтан мешіт ұстазы Жанат Алдиярованың ұйытқы болуымен ҚМДБ «әйелдер-қыздар» секторының Алматы қаласы бойынша жауаптысы, Алматы Орталық мешітінің ұстазы Гүлжан Жұлдызбай, Нұр-Мүбарак университетінің түлегі, исламтанушы спикер, «Жауһар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қорының теологы Гауһар Мамырбаева ханымдар шақырылып, тақырып тиянақты талқыланды.

Сөз басын Алланың қасиетті есімін ұлықтаудан бастаған Гауһар Мамырбаева діннің мәнісі мен салт-дәстүрдің дінмен үндестігінен бастады. Мысалы, «Қызды жат үйге қондырма, ұлды басқа үйден тойдырма» деген қарапайым ғана халық даналығы ұл-қыз өсіріп отырған отбасылар үшін аса маңызды екендігі, ұл-қыз тәрбиелеудегі тәрбие ерекшеліктеріне тоқталды. Әсіресе қыз тәрбиесінің маңыздылығын баса айтқан исламтанушы спикер:

 

  • Қызға 40 тиымнан басқа 10 талап қойылған:әдепті-ибалы болу, ар-ожданды-пәк болу, тәртіпті, кең пейіл, шешімді болу, мейірімді-шапағатты, ақыл-парасатты, сабырлы да салмақты, адал-ақжарқын, мұратты, өжет-батыл, ұятты-намысты болу керек! –деп, әйелі азған елдің ертеңі жоқ екендігіне түрлі мысалдар келтірді.

Жамағат тарапынан да түрлі сауалдар қойылды: құлшылыққа қатысты, адамның өзін-өзі тануы, тағдыр, тұрмысқа шығудың алғы шарттары, Алматы мешіттеріндегі дәріс тәртіптері т.б. Спикерлер мүфтият ұстаным-жоспары,  шариғаттан ғана емес, күнделікті өмір тәжірибесімен де бөлісіп жан-жақты жауап қатты. Сондықтан жамағат өкілдері осындай семинарлар жиі өткізілсе деген тілектерін жеткізді. Семинар ұйымдастырушыларына алғыс айтып, ұстаздармен естелік суретке түскен жаулықты жамағат ризашылықтарын жаудырды.