ҰЛТТЫҢ ҚУАТЫ – ТІЛІНДЕ!

02/10/2017

Әр ұлттың болмысы, салт-дәстүрі мен мәдениеті, әдебиеті, тарихының т.б. сақталуы тілімен тікелей байланысты.

 

Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!

Халықтың аяулы перзенті Қадыр мырза Әлі ағамыздың осы жыр жолдары әрбір қаны қазақтың намысын оятары сөзсіз. Сондықтан 22 қыркүйектегі Қазақстан Республкиасы халықтарының тілдер күніне орай Нұр-Мүбарак университетінің 1-2 курстағы қыздар топтары „Ұлттың қуаты- тілінде!„ атты мерекелік шара ұйымдастырды.

Ою-өрнекпен өрнектелген қазақ үйі…абыр-сабыр, тойға дайындық. Сірә бұл қонақжай, жомартжанды қазақ халқының бейнесіндегі қазақ тілінің кейіпін беріп, оған өзге ұлт өкілдерінің қонаққа келуі арқылы бүгінгі қоғамдағы көріністен сыр шерткендей.

Ассалаумағалайкүм жиналған көп!
Бұл тойға сіздерменен келіппін дөп.
Болып тұр жұрт көрмеген бір ұлы той,
Таң қалып қарағандай жер менен көк!-деп басталып кеткен тілдер мерекесі келген қонақтарды қазақтың күмбірлеген күйімен қарсы алды.

Бисмилляһи- р-рахман ир рахим
Уә, жаратқан ием құдірет!
Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет!
Достың көңілін аша көр,
Дұшпанның көңілін баса көр!
Тозақтағы оттан қақ,
Ниеті қара жаттан қақ,
Нөсіп бергей, жоқтан қақ!
Әумин!

Расымен әрбір ұлттың жер бетінен жойылып кетпей, салт-дәстүрі мен мәдениеті, әдебиеті, тарихының т.б. сақталуы тілімен тікелей байланысты. Сондықтан бүгінгі салтанатты шара „Бисмиллә„ деп ақ батамен басталып, халқымыздың көркем шығармаларынан үзінді, өлеңдер оқылып, кең байтақ елімізді мекендеген күллі ұлт пен ұлыстардың ана тілдерін құрметтеуге үндегендей.

Студенттер „Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер„ кафедрасының оқытушылары Нұрзия Әбішева мен Гүлбану Суанбекованың еңбектерін көрсетіп қана қоймай, еліміздегі көптеген ұлттарға деген құрметін де аңғартып жатты.

Оу, халайық, ауылымызға сонау Қытай елінен, Түркиядан, Ресейден қонақтар келіп қалған екен, әлемге «ең қонақжай халық кім?» десе, бәрі бірауыздан «қазақ» дейтін болар. Қонақтарымызды төрге отырғызып, құрмет көрсетейік!„-деп өзге тілге төрінен орын беріп жатты. Қыздар түрлі тілде сөйлеп, әр тілдің ерекшелігін аңғартқандай.

— Қазіргі кезеңде әрбір жас маман үшін бірнеше тілді меңгеріп, жан-жақты болудың маңызы зор. Осыны біздің студенттеріміз әдемі көріністерімен жеткізіпті. Өте жақсы ұйымдастырып, ұйымшылдық танытттыңыздар. Сондықтан бүгінгі жұмыстарыңыз, ұстаздарыңыздың еңбектерін өте жоғары бағаға лайық,-деп ғылым докторы, профессор Шолпан Бәйнеш ханым студенттерге алғысын білдірді.

«Тілден тілдің кеңдігі болғанымен, кемдігі жоқ» деп, қандай тіл болса да, өзінше көркем, өзінше сұлу. Осындай ерекшеліктерді ортаға салып қана қоймай, өз бойларындағы өнерлерімен бөліскен арулардың жүрегінде бұл шара ерекше әсер қалдырды.