Университет басшылығы студенттермен ашық әңгіме өткізді

04/12/2018

«Дін қызметі – мамандық емес, ол адамзаттың қажеттілігі. Алайда бүгінгі әлемдік жағдай, қоғамдағы сұраныс...

«Дін қызметі – мамандық емес, ол адамзаттың қажеттілігі. Алайда бүгінгі әлемдік жағдай, қоғамдағы сұраныс дін саласында арнайы білім алып, елге дұрыс нұсқаушы мамандардың қажеттігін талап етуде», — деді Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев студенттермен кездесуде.

Бұл кездесудің жөні бөлек болды. Себебі университет басшылығы студенттермен барынша емен-жарқын әңгімелесіп, қажеттіліктерді ашық айтып, білім сапасын арттыру жолдарын бірге іздеуге шақырды. Ректор, профессор Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид әл-Жинди:

  • Сіздер қоғамдағы өзге саладағы замандастарыңызға үлгі болуға тиіссіздер. Себебі сіздер екі дүниелік ілім алып, адамзаттың Алланың да, адамның да алдындағы міндеттері жайлы жақсы білесіздер. Соңғы және адамзаттық  иллаһи дінді ғылыми тұрғыда, ғалымдардан үйреніп жатырсыздар. Сіздердің артықшылықтарыңыз көп, — деді.

Сондай-ақ профессор ректор Мухаммад аш-Шаххат студент үшін білім алудың ең тиімді жолдарына да тоқталды. Себебі осы уақытқа дейін араб, ағылшын тілдерінде бірнеше ондаған ғылыми еңбектері жарық көрген ғалымның тәжірибесі жас студенттер үшін өлшеусіз тағылым екені сөзсіз. Кездесу барысында студенттерге ел арасында қоғамдағы жалпыға ортақ «зайырлылық» туралы түсініктің әлі дұрыс қалыптаспай жатқаны жайлы да айтылып, түсіндірілді.

Зайырлылық – идеология емес, ол мемлекетті басқару құралы ғана. Ал зайырлылықты дінсіздікпен шатастыратындар көп, бұл қате. Сондықтан біздің университет те мемлекеттік білім беру жүйесіне сай жан-жақты маман дайындауды мақсат етеді. Егер де біз үлгі бола алмасақ, бұл өзімізге де, өзгеге де, оқу орын, ұстаздарға да жасалған қиянат болмақ. Даму тұрғысында кеше мен бүгіннің айырмашылығы болу қажет, — деп проректор, доцент Қайрат Құрманбаев студенттердің намысын қайрап өтті.

Ашық кездесу барысында студенттерге барынша еркін болуға, ой-пікір, талдау, көзқарасын ашық айтуға шақырды. Сабақты да баға үшін тек жаттап емес, түсініп оқуға үндеді. Ұстаздарға диктаторлық тәсілден аулақ болуға кеңес берілді. Сондай-ақ жақында ғана қолға алынған спорт залының жөндеу жұмыстары жақындап қалғаны студенттерді ерекше қуанышқа бөледі. Бұл басқосу жастарға ерекше серпін беріп, білімге деген құштарлығын арттырып, басшылыққа деген сенімін нығайта түсті деуге болады.