• Бас бет
  • Жаңалықтар
  • Университетіміздің Аппарат жетекшісі Болатбек Абуов ҚМДБ-ның Сыр еліндегі өкіл имамы болып тағайындалды.

Университетіміздің Аппарат жетекшісі Болатбек Абуов ҚМДБ-ның Сыр еліндегі өкіл имамы болып тағайындалды.

23/02/2018

Болатбек Ұласқанұлына жаңа жауапты қызметте серпінді ой, тың жобалар мен толағай табысты бастамаларға себепші болатыныңызға сенім білдіріп, әрдайым Алланың жәрдемі мен разылығын тілейміз!

 

 

 

 

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен Болатбек Ұласқанұлы Əбуов ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі және «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы қызметіне тағайындалды.

ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Ораз жұма намазында мешіт ұжымы мен жамағатқа жаңа өкіл имамды таныстырып, жаңа қызметте табыс тіледі.

«Болатбек Ұласқанұлы – білімді һәм білікті азамат. Қызмет жолын өзінің туған топырағында азаншы, ұстаз болып бастады. Кейіннен ұстаздық жолда талай діни қызметкерлерді дайындауға атсалысты. Көптеген жауапты қызметтерде болды. Ғылым жолындағы, діни қызмет саласындағы мол тәжірибесі мен іскерлігін көненің көзі болған осы бір қасиетті Қызылорда елінің руханиятын әрі қарай жетілдіруге жұмсайды деп сенемін. Еліміздің бірлігі мен ынтымағы, діни тұрақтылығы мен рухани жаңғыруы жолында атқарар қызметіне сәттілік тілеймін», — деді Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазірет.

Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы осы уақытқа дейін өкіл имам қызметін атқарған Талғат Омаровты арнайы алғыс хатпен марапаттап, қазақы салтпен иығына шапан жапты.

«Сіз тәуелсіз еліміздің рухани өркендеу жолында елеулі еңбек етіп келе жатқан жанашыр діни тұлғалардың бірісіз. Имамдық қызметтің жауапкершілігін терең сезініп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының игі бастамаларына сүбелі үлес қостыңыз. Діни саладағы қажырлы еңбегіңіз бен ізгі істеріңіз үшін өзімнің және Діни басқарма ұжымы атынан Сізге айрықша алғысымды білдіремін! Ізгілік жолындағы жұмыстарыңыз алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенімдімін. Алла Тағаладан деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, өміріңізге береке тілеймін! Жаратушы Иеміз мерейіңізді әрқашан үстем етсін!», – деп атап өтті деп хабарлайды    www.muftyat.kz сайты.

 

Нұр-Мүбарак университетінің ұжымы соңғы 10 жылдан бері оқу орнының дамуында елеулі үлес қосып, еңбек етіп келе жатқан Болатбек Ұласқанұлын жаңа жауапты қызметімен құттықтайды. Сіздің Сыр өңірінің имандылығын дамытуда серпінді ой, тың жобалар мен толағай табысты бастамаларға себепші болатыныңызға сенім білдіріп, әрдайым Алланың жәрдемі мен разылығын тілейміз!