Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Университетіміздің екі докторанты диссертацияларын сәтті қорғады

22/12/2017

Қазақ даласынан шыққан ортағасырлық ислам ғұламалары жайлы жаңадан қос диссертациялық зерттеу ғылыми айналымға қосылды. Нақтырақ айтсақ, Нұр-Мүбарак университетінің докторанттары  Манабаев Бағдат «Оталық Азия мұсылман құқығы тарихында ʻАли ибн Мұхамад әл-Исбиджабидің (535/1141 қ.б.ж.) орны мен маңыздылығы»,  ал Қайрбеков Нұрлан «Орталық Азиядағы мұсылман құқығы тарихында Мухаммад ибн Ахмад ал-Исфиджабидің (591/1196ж.) орны мен маңыздылығы (оның «Зад ал-фуқаха’» еңбегі негізінде)» атты зерттеулерін өте сәтті қорғап шықты.

 

Университет қарамағында ашылған дінтану бойынша диссертациялық кеңесті профессор, академик Әбсаттар қажы Дербісәлі басқарды. Қазақ тілінде қорғаған  диссертант Бағдат Манабаевқа  филос.ғ.д., доцент Сатершинов Бақытжан мен (PhD) докторы Қайрат Жолдыбайұлы рецензия берсе, орыс тіліндегі диссертан Нұрлан Қайырбековке филос.ғ.д., профессор Сейтахметова Наталья мен филол.ғ.к., доцент Рашид Мухитдинов сын-пікірлерін білдірді. Екі докторанттың да отандық ғылыми жетекшісі т.ғ.д., Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры  Әшірбек Муминов және  Әл-Азһар университетінің профессоры Али Махмуд Ахмад мырзалар болды.

Бірнеше жыл бойы шетелдік кітапханалар мен қолжазба қорларын аралап, зерттеуге тиісті деген құлпытастарды зерделеп, нәтижесінде екі тарихи ғұламаға қатысты ғылыми деректер айқындалды. Тіпті шетелдік қолжазба қорларындағы кей зерттеу деректердің жаңылыс кеткендігін де анықтаған тұстары бар. Исбиджап қаласынан шыққан қос тұлғаға қатысты тың деректер жан-жақты зерттеліп, зерделенгенімен, бұл ары қарай тереңдетуді  қажет ететіндігі айтылды. Себебі ортағасырлық ғалымдардың артында қалдырған еңбектері тарихымызды түгендеуде ғана емес, нағыз рухани жаңғыруға өзек болатын ғылыми бағдаршам іспеттес.

Диссертациялық кеңес мүшелері ғылыми қорғауларды жан-жақты талқылағаннан кейін, шын мәнінде ризашылықтарын білдіріп, жасалған еңбектің ауқымдылығына да тоқталып, өте жоғары баға берді.  Осылайша қос диссертанттар Бағдат Манабаев пен Нұрлан Қайрбековтердің еңбектері негізгі сыннан өтіп, білікті ғалымдардың басын қосқан Диссертациялық кеңестің шешімімен PhD докторлығына лайық деп танылды. Енді ғылыми атақтың қаншалықты өз дәрежесінде қорғалғандығын нақтылап, бекіту ҚР Білім және ғылым министрлігінің бақылау Комитеті құзырында.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар