Университеттегі араб тағамдарының фестивалі

12/04/2018

«Тағамдар өте дәмді, әрі ұлттық деңгейде», – деп мысырлық әл-Азһардан келген ғалым-ұстаздар көрмеге жоғары баға берді.

Қасиетті Құран тілі сан ғасыр бойы ғылым тілі болғандықтан араб тілін меңгеру әрбір ғылым ізденушінің арманы. Нұр-Мүбарак университеті еліміздегі ислам ғылымының алғашқы баспалдағына айналғаны рас. Университеттет араб тілін үйретудің түрлі тәсілдерін қолданады. Соның бірі ретінде Араб тілі және әдебиеті кафедрасының оқытушысы магистр Қуаныш Қасымбаев өзі дәріс беретін қыздар тобымен араб тағамдарының көрмесін ұйымдастырды. Ондағы мақсат, араб асханасының құпиясы ғана емес дәм-тұзы, ас әзірлеу жолдарымен танысу. Араб тілінің алғашқы баспалдағына қадам басқан бірінші курстың қыздар тобы университетте кеңінен жайған араб тағамдарын жұртшылыққа тегін таратты.

«Тағамдар өте дәмді, әрі ұлттық деңгейде», – деп мысырлық әл-Азһардан келген ғалым-ұстаздар көрмеге жоғары баға берді. Ұйымдастырушы ұстаз Қуаныш Қасымбаев: «Бұл көрмені қыздар тобымен өткізгендегі мақсат студенттердің тіл білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың ас әзірлеу кеңістігін кеңейту. Себебі қыздар болашақ ұстаз ғана емес, бір-бір үйдің ұйытқысы болатын аналар. Сондықтан әр елдің ас мәзірін дәмді етіп әзірлеп жатса, барған жері үшін де мәртебе емес пе», — деп Нұр-Мүбарак университетінің тек біліммен ғана шектелмейтінінен хабар бергендей.

Аста-төк араб тағамдарынан дәм татқан көпшілік ризашалықтарын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды.