Ұстаздар оқытудың интербелсенді әдістеріне машықты

08/02/2018

Курста Блум және Кейс-технологиялары бойынша түрлі интерактивті әдістетер арқылы бірнеше сабақ үлгілері көрсетіліп, ойын түрінде өткізілді.

 

 

Қазір жаңа технологиялардың заманы, ғаламтор арқылы түрлі тәсілдермен жұртшылықтың көңілін баурап алуға тырысушылардан көз сүрінеді. Бұл шәкірттерді тәлімді білімге баулитын ұстаздар үшін оңай соқпайтыны рас. Сондықтан бүгінгі ұстаздар еншісіне үнемі жаңару, жаңғыруды талап етеді. Сол себепті  Нұр-Мүбарак университетінің оқытушыларына арнайы семинар-тренинг ұйымдастырылды. Онда  Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, тәжірибелі оқытушы, филол.ғ.к.  Шота Қарлығаш Нұғманқызы тәжірибе алмасу мақсатында «Білім беру жүйесіндегі оқытудың интербелсенді әдістері» атты біліктілікті арттыру курсын өткізді. Оқытудың инновациялық технология түрлеріне байланысты әдістемелік тәсілдерімен бөлісті. көрсетілді.  Курсқа Исламтану, Дінтану, Араб тілі және әдебиеті кафедрасы және  Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушылары қатысты. Курс соңында тыңдаушылар арнайы сертификатпен марапатталды.

Курста Блум және Кейс-технологиялары бойынша түрлі интерактивті әдістетер арқылы бірнеше сабақ үлгілері көрсетіліп, ойын түрінде өткізілді.

Кейс-технологиясы — оқытушы-тьюторлардың дәстүрлі және қашықтықтан консультацияларды ұйымдастыру кезінде мәтіндік, аудиовизуальды және мультимедиалық оқу-әдістемелік материалдарды жинау және оларды пайдаланушылардың өз бетінше меңгеруі үшін жіберуге негізделген технология. Оның негізгі мақсаты:студенттер бойында жаңа қасиеттер мен іскерліктерді қалыптастыру, түрлі проблемаларды талдау және оларды шеше білу қабілетін дамыту, ақпаратпен жұмыс жасауды үйрету,ұжымдық жұмысты ұйымдастыру.

Оқытушыларға дәріс беруші Қарлығаш Нұғманқызы бекер таңдалынып алынбады. Себебі ол –  40 жылдық тәжірибесі бар, жаңа технология бойынша қазақ тілі пәнінен дәріс беретін білікті маман. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының профессоры, 100-ге тарта ғылыми-әдiстемелiк мақалалары жарық көрген. Сондықтан Нұр-Мүбарак ұстаздары үшін тәлімгердің дәрістері ерекше әсерлі әрі пайдалы өтті. Бұның әлбетте, студенттер үшін де пайдасы болары сөзсіз.