• Бас бет
  • Жаңалықтар
  • Ұстаздарымыз Нұрлан Анарбаев пен Асқар Әкімханов Докторлық (PhD) дипломға ие болды!

Ұстаздарымыз Нұрлан Анарбаев пен Асқар Әкімханов Докторлық (PhD) дипломға ие болды!

08/06/2017

Проректор Шамшәдин Керім: Докторлық дипломдарыңыз — бұл біздің де университет үшін абыройлы мақтаныш.

 

Үш жыл бойы ғылыми зерттеу жасап, отандық исламтану ғылымына тың жаңалықтар қосқан Нұрлан Анарбаев пен Асқар Әкімханов мырзалар жыл басында ғылыми зерттеулерін Нұр-Мүбарак университетінің диссертациялық кеңесі алдында өте жоғары деңгейде қорғап шыққан болатын. Алайда бұл нақты нәтиже емес еді. Себебі қорғау нәтижелері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне жіберіліп, бақылау комитетінің жіті тексеруінен өткен соң ғана қорытындыланады. Міне, министрліктің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен №665 бұйрығымен 6D021500 Исламтану мамандығы бойынша Философия докторы (PhD) дәрежесі берілді. Комитет төрағасы Ахметжан Пірімқұловтың қолы қойылған қызыл куәліктің қос иесін Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, профессор Шамшәдин Керім мырза арнайы қабылдап, құттықтады:

— Докторлық дипломдарыңыз — бұл біздің де университет үшін абыройлы мақтаныш. Себебі, өздеріңе ғылымда бағыт-бағдар беріп, әрі осы білім шаңырағының жанында құрылған Диссертациялық кеңесте талқылап, нәтижесінің жемісті болуы — атқарылып жатқан жұмысымыздың дұрыс бағытта екенін айғақтай түседі. Әрі өздеріңдей жас ғалымдардың университет оқытушылары құрамына қосылуы да біздің академиялық дәрежемізді артырады деген сенімдемін. Сіздердің терең білімдеріңіз білімді мамандар тәрбиелеуде орасан күш,-деп сенім білдірді.

Ал ғылым докторлары Асқар Болатбекұлы мен Нұрлан Сайлауұлы мырзалардың: Бұл — біз үшін үлкен амант. Осы зерттеу жылдары түсінгеніміз, біз ғылым әлеміне енді ғана аяқ бастық. Әлі зерделейтін, отандық ғылымға қажетті тың деректерді анықтау жолында атқаратын жұмыстар өте көп,- деген сөздері өздерінің ізденімпаздығынан хабар бергендей.

Жас ғалымдарға сәттілік пен отандық исламтану ғылымының мәртебесін биіктетуде, арман-мақсаттарыңызға жетуде Алла өмірлеріңізге береке берсін деген тілектеміз!