• Бас бет
  • Жаңалықтар
  • Вице-министр Берік Арын Нұр-Мүбарак университетін жаңа проректормен арнайы таныстырды

Вице-министр Берік Арын Нұр-Мүбарак университетін жаңа проректормен арнайы таныстырды

13/09/2018

Бүгін  ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын мырза Нұр-Мүбарак университетіне арнайы ат басын тіреді....

Бүгін  ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын мырза Нұр-Мүбарак университетіне арнайы ат басын тіреді. Мемлекеттік әнұранмен басталған жиында вице-министр  Мысыр астанасы Каир қаласында өткен университет Қамқорлар кеңесінің негізгі шешімдеріне сай, ұжымды жаңа проректор  белгілі ғалым, PhD, доцент Қайрат Құрманбаевтың проректорлық кызметке тағайындалуын ресми түрде таныстырды. Бұл тағайындаудың қажетіліктері мен таңдау ерекшеліктеріне тоқталып, Қайрат Қалмырзаұлына артылар сенімнің зор екенін білдіріп, құттықтау лебізбен бірге сәттілік тіледі.

 

Сондай-ақ университет тарихында ғана емес, еліміздегі ислам ғылымы, дін мамандарын даярлауда  саңлақ із қалдырып отырған профессор Шамшәдин Керім мырзаның 17 жыл атқарған ерен еңбегіне тоқталып, ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаевтың Алғыс хатын табыс етіп, құрмет көрсетіп шапан жапты. Алқалы жұрттың алғысына бөленген ғалым Шамшәдин Тұрсынұлы:

 

  • Елімізде алғаш ашылған ислами жоғары оқу ордасының алғашқы сәтінен бастап оның қалыптасу, даму жолында 17 жыл қызмет ету – тағдырыма бұйырған бақыт деп есептеймін. Қамқорлар кеңесінің шешімі өз ортамыздан жас ғалым Қайрат Құрманбаевқа дұрыс таңдау жасады деп сенеміз. Енді университет ұжымы жаңа басшының жанына жұдырықтай жұмылып елге, дінге қызмет етуіне тілектеспін. Себебі біз қандай жетістікке жетсек те осы ұжыммен, елмен бірге жеттік, — деп жаңа басшылыққа жүрекжарды лебізін жеткізді.

Вице-министр Берік Арын профессор Ш.Керім мырза университеттің ғана емес, ислам ғылымының дамуында қызметін жалғастырады деген сенімін білдіріп, оқу орнына мемлекет тарапынан  артылар үміттің жоғары екендігіне тоқталды:

  • Нұр-Мүбарак университеті тек Орта Азия ғана емес Азиядағы беделді оқу орнына айналады деген сеніміміз зор. Сіздермен бірлесе отырып, университеттің нақты 5 жылға арналған даму стратегиясын бекіту керек деп есептейміз. Діни білім беруді арттырып, еліміздегі жат ағымдар мен деструктивті топтарға тосқауыл қоя аламыз. Біздің министрлік білікті ұлттық діни кадрлар даярлауға мүдделі мемлекеттік орын ретінде сіздермен тығыз жұмыс істеуге және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, — деді вице-министр.

Ал зор жауапкершілік пен сенім арқалаған жаңа проректор, доцент Қайрат Құрманбаев:

  • Мен үшін осындай сенімге ие болу – үлкен жауапкершілік. Бұл жауапты қызметті сеніп тапсырып отырған ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаев пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз мырзаларға зор алғысымды білдіремін. Қазіргі жаһандану кезеңінде қоғамның дамуына қажыр-қайратымызды жұмсап еңбек етуге біз дайынбыз, — деді.

Ал ұжым атынан филос.ғ.к., доцент Базар Хамзеева ханым:

  • Осы кезге дейін ұжымды айрандай ұйытып келген профессор Шамшәдин Тұрсынұлына алғысымыз шексіз. Осы алғы буынның үрдісін жаңадан тағайындалған проректор, доцент Қайрат Құрманбаевтың дамыта түсетініне сенеміз. Бұрынғы басшыны қимаймыз, жаңа басшыны сыйлаймыз. Шамшәдин Тұрсынұлының осы университетте, арамызда жүруінің өзі бізге зор мәртебе, — деп қазақы дәстүірмізге сай естелік сыйкәде табыс етті.

Осылайша бүгін вице-министр Берік Арынның жаңа серпіліс әкелген  сапарында Нұр-Мүбарак университетінің  ұжымы қазақылық пен сыйластықтың көркем  үрдісіне куә болып, өткенге салауатпен, болашаққа  зор сеніммен жаңа оқу жылына кірісіп те кетті.