Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Вице-министр мен Бас мүфти салтанатты түрде жаңа ректормен таныстырды

06/10/2018

 

Бүгінгі Ұстаздар мерекесі Нұр-Мүбарак университетінде ерекше өтті. Себебі жақында ғана тағайындалған жаңа ректорды ұжыммен салтанатты таныстыру рәсіміне Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз мырзалар арнайы келді.

Қазақстан мен Мысыр елдерінің  әнұраны әуелегеннен кейін проректор, доцент Қайрат Құрманбаев вице-министр Берік Арын мырзаға сөз берді. Ең әуелі Ұстаздар мерекесімен құттықтап өткен вице-министр Елбасының кешегі жолдауынан бастады:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев күні кеше жасаған жаңа жолдауында білім беру саласына ерекше тоқталды. «Педагог мәртебесі туралы»  заң қабылдау қажеттігі, жоғары білім беру ісінде маман дайындау сапасына қатысты талаптарды күшейту, жоғары оқу орындарын ірілендіру сынды маңызды мәселелер міндеттелді. Мемлекет дамуындағы осындай жауапты істе бүгінгі ұстаздар мерекесін пайдаланып, сіздерге әрдайым еңбектеріңіз жемісті болуына тілектеспіз, — деп, жаңадан тағайындалған ректор, профессор Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад әл-Жинди мырзамен таныстырды. Жаңа ректордың еңбек жолына тоқталып, қазақ еліндегі жаңа жауапты қызметін құттықтап, сәттілік тіледі.

Бас Мүфти Серікбай қажы Ораз мырза ұстаздарды мерекесімен және жаңа ректор, профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди мырза мен Қазақстан тарапынан тағайындалған проректор, доцент Қайрат Құрманбаевты тағы да ҚМДБ мен өз атынан да жеке құттықтап өтті. Бас мүфти Серікбай қажы Ораз:

— Біздің алдымызда үлкен жауапкершілікті қызметтер тұр. Ол тарихи кезеңдегі талап етілетін тарихи еңбектер. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін бой көтерген біздің ғажап университетіміз бен ғылыми орталықтың дамып келе жатқанын мақтан тұтамыз. Осындай білім ордасында тәлім алушы шәкірттер осы жауапкершілікті сезіну керек. Себебебі еліміз діни кадрларға әлі де мұқтаж. Сондықтан болашақтағы істерде ынтымақтасып жұмыс жасаймыз деген ойдамыз, — деп сенімін білдірді.

Жаңа ректор, профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди мырза да құттықтауларға алғысын білдіріп, университетті жан-жақты дамытуға қатысты мақсаттарымен қатар шәкірт тәрбиесіндегі маңызды мәселелерге де ерекше тоқталып өтті.

Салтанатты жиын соңында ұстаздар құрметті қонақтармен  естелік суретке түсті. Осылайша ұстаздар күнімен орайлас бүгінгі тарихи жиын  маңызды да тәлімді мәселелерді қамтып, Нұр-Мүбарак университетінің ұжымына жаңа серпін беріп өтті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар