• Бас бет
  • Жаңалықтар
  • Жастар жылына арналған Нұр-Мүбарак университетінің халықаралық конференциясы жоғары деңгейде өтті

Жастар жылына арналған Нұр-Мүбарак университетінің халықаралық конференциясы жоғары деңгейде өтті

10/04/2019

Жастар билік орындарына иек артпай, мемлекет дамуында қолқанатына айналуы тиіс! Бұл жайлы бүгін Нұр-Мүбарак...

Жастар билік орындарына иек артпай, мемлекет дамуында қолқанатына айналуы тиіс! Бұл жайлы бүгін Нұр-Мүбарак университетінде өткен «Қоғам дамуындағы жастардың рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жан-жақты талқыланды. Жастар жылына орай ұйымдастырылған алқалы жиын Қазақ және Мысыр елдерінің әнұранымен, қасиетті Құранмен басталды. Модератор, проректор, доцент Қайрат Құрманбаев  Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бастаған лауазымды тұлғалар, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Мысыр, Өзбекстан, Қырғыз елдерінің ислам ғалымдарынан тұратын құрметті қонақтар құрамымен таныстырып, вице-министр Марат Әзілхановқа беташар сөз берді:

  •  Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті – жас оқу ордасы болса да еліміздің дамуында  ерекше маңызды орын алып үлгерді. Жастардың тек мемлекетіміз үшін ғана емес, дін саласында да орны ерекше. Сондықтан тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдері бойынша дін мамандарын даярлайтын бірегей ислами оқу ордасына мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек жалғаса береді. Қоғамдағы көп түйткілдер, шиеленіскен сауалдар білімсіздіктен туындап отыр. Сондай теріс діни үгіт-насихаттың құрбанына айналып, Сирияға асып кеткен отандастарымыздың 300-дейі дәл қазір елге қайтуға асығуда. Елге оралған соң олардың ой-санасын қалыпқа келтіру, қоғамға қайта бейімдеу қажырлы еңбекті талап етеді. Осы орайда біз Нұр-Мүбарак университетінің ғалым-ұстаздары, түлектеріне, теолог мамандарға, исламтану білгірлерінің көмегіне иек артамыз, — деді Марат Алмасұлы өз сөзінде.

Әр сөзіне қасиетті Құран аяты мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерін орынды қолданып, жастарға ерекше ой тастаған Бас мүфти Серікбай      қажы Ораз: «Жастық шақ – әр сәті алтын, жауһарға, ешбір асыл затқа бергісіз қымбат кезең. Ғарышта жарқ етіп өте шығатын жарық жұлдыздай жалынды уақыт. Осы сәтті білім мен ғылымға, өнегелі іске арнаған жас ұрпақтың алар асуы биік. Әрі осындай жасампаз жастар бойына отансүйгіштікті сіңіріу ел болашағы үшін маңызы зор», – деді. Ал тарихы терең, мұрасы мол Мысыр елінің ыстық сәлемін ала келген Египет Араб Республикасы Уақыптар вице-министрі Ас-Сеид Хусеин Абдулбари: Отанды қорғау – дінді қорғаудан жоғары тұрады. Бұны дұрыс түсінген абзал. Өйткені дінге демеу болатын, қорған болатын мемлекет болу керектігін ғұламалар ерекше атап өткен. Отанға деген беріктік, мемлекетті қорғау – ортақ құндылық екенін бесіктегі баладан қарияға дейін бойына сіңірсе, бейбітшілік салтанат құрған, бірлігі мығым елде діннің де дамуы орын алады,-деді.

 

Жастарға өсиет сөзді ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов, Қазақстандағы БҰҰ Қоғамдық ақпарат бюро жетекшісі Абдурахим Мухидов, ERCIYES  университетінің профессоры Юнус Апайдын (Түркия), Халықаралық Кувейт университетінің ректоры, профессор Асан Ормушев, Халықаралық ислам академиясының ректоры, профессор Шухрат Евкошев (Өзбекстан), Қ.А.Ясауи атындағы ҒЗО директоры Досай Кенжетай, т.б. ғылым, қоғам саласындағы беделді азаматтар жастарға құнды пікірлерімен бөлісті. Конференция қонақтарын әсіресе жастар атынан сөз алған Еріктілер лигасының төрайымы Айсұлу Ерниязова мен Нұр-Мүбарак университетінің 3 курс студенті Шыңғыс Садуевтың жалынды сөздері тәнті етті. ҚР АҚД вице-министрі Марат Әзілханов 4 тілде еркін сөйлеген болашақ исламтанушы Шыңғыс Садуевке ризашылығын білдіріп, ерекше ықыласын білдірді.

Халықаралық конференцияның пленарлық отырысы бірнеше секциялармен жалғасты.