Әбу Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығы

ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ ТУРАЛЫ

2011 жылдың 7-желтоқсанында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің құрамында Әбу Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Орталықты университет проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Т.Керім басқарып келді. 2014 жылдан бастап   ғылыми-зерттеу орталығының директоры болып теология ғылымдарының докторы А.Ш. Әділбаев тағайындалды.

ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1. Әбу Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті қызметінің негізгі бағыттары бойынша кешенді зерттеулердің орындалуын қамтамасыз етуші, сондай-ақ университеттің барлық ғылыми-зерттеу, баспа жұмыстарын үйлестіретін және ұйымдастыратын құрамды бір бөлігі болып табылады.

2. Орталықтың негізгі мақсаты – бірінші кезекте Республикадағы исламтану бағытында қызмет жасап жатқан діни оқу мекемелерін ханафилік мектептің тәлім-тәрбиесін насихаттайтын оқулықтар мен оқу-әдістемелік әдебиеттермен толыққанды қамтамасыз ету үшін, сонымен қатар аймақтағы мұсылман жастардың діни сауатын ханафи мәзһабына сай тәлім-тәрбиеге шоғырландару үшін университеттің ғылыми-интеллектуалдық потенциалын толық пайдалану, респубикадағы осы саладағы мамандардың жұмыстарын үйлестіру, сондай-ақ білім сапасы, инновациялық жұмыстарды ұйымдастыру, білім бағдарламаларын жүзеге асыру, ғалымдар мен мамандардың халықаралық ынтымақтастығын нығайту.

3. Әбу Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығы өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, ҚР діни істер жөніндегі агенттіктің бұйрықтарын, нұсқаулары мен ережелерін жетекшілікке алады.

4. Мемлекеттілікті және ұлттық қауіпсіздікті сақтау саясаты негізінде аймақтағы қауіпсіздіктің негізгі мәселесі діни экстремизм мен терроризмнің өршуіне жол бермеу әрі болдырмау механизмдері мен қажетті қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруды мақсат тұтады.

5. Ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттарына сәйкестіріп, орталықтың құрылымы мен штатын жетекші университет проректорының келісімімен құрады. Орталық жетекшісі мен мүшелерінен қызметкерлер құрамы университет проректорымен бекітілген штат кестесі бойынша жұмыс жасайды.

6. Орталықтағы зерттеулердің бағыттарын орталықтың өзі, яғни діни бағыттағы көкейкесті мәселелерді зерттеу қажеттіліктері мен ҚР үкіметтік орындардың тарапынан түскен тапсырыстар, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен жобалардың жылдық жоспарлары арқылы белгілейді.

ОРТАЛЫҚТЫҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІ МЕН ҚЫЗМЕТ БАҒЫТТАРЫ

1. Еліміздегі діни жағдайдың бағыт-бағдарын ғылыми тұрғыдан саралап, бұдан кейінгі беталыстың концепцияларын анықтап, тұрақтылықты сақтау жолында нақты жобалар ұсыну.

2. Дін мен мәзһаб біртұтастығы – қоғамдағы тыныштықты сақтап қалудың ең негізгі факторы. Сондықтан да ислам дінінің Орта Азия мен Қазақстан аймағына таралып, орнығуынан кейін халқымыздың арасында тарап, төзімділік пен жеңілдік жолын ұстанған ханафи мәзһабы түсінігі мен ұлттық мәдениеттің өзара ықпалдастығының қаншалықты дәрежеде орын алғандығын, бұрынғы тарихи кезеңдердегі ұлттық идеяның қалыптасуы мен дамуындағы рөлін, дін қайраткерлерінің идеологиялық ұстанымдарының мемлекетпен өзара байланысын, дәстүрлі мұсылман қазақ қоғамының ұлттық тұтастығын қалыптастырудағы өзіндік орнын анықтау.

3. Саяси және фундаменталистік исламның таралуына тосқауыл қою әрі қоғамның біртұтастығын сақтау мақсатында Әбу Ханифа мәзһабы негізінде Қазақстандағы дәстүрлі исламның идеологиялық платформасын жасап шығару.

4. Тәуелсіздік алғаннан бастап қазіргі кезеңге дейін Қазақстан аймағына сырттан келіп жатқан мәзһабтар мен ағымдарды, олардың әлемдегі негізгі орталықтары, ұстанымдары мен даму жолдарын анықтау. Елде болып жатқан өзгерістердің қазіргі беталысын анықтау.

5. Қазақстан аумағында Әбу Ханифа мәзһабының таралуы мен орнығу тарихын зерттеу және оның мұсылман қазақ қоғамындағы негізгі кезеңдерін, идеологиялық орталықтары мен мектептерін айқындау.

6. Ханафи мәзһабы шеңберінде қазақстандық дін ғалымдарының еңбектерін анықтау әрі жинау.

7. Қазақстандағы ұлттық мәдениеттің дамуы мен қайта жаңғыруындағы дәстүрлі исламның ықпалын зерделеу.

8. Қазіргі талаптарға сай әдістемелік оқу құралдары мен оқулықтар әзірлеу.

9. Ислам өркениетінің дамуына өзіндік үлесін қосқан қазақ дін ғұламаларының шығармашылығын зерттеу, олардың мұраларын кеңінен насихаттау.

10. Бұрынғы және қазіргі кезеңдегі дәстүрлі исламның Қазақстандағы ұлттық тұтастық қалыптастырудағы рөлі мен ықпалын зерттеу.

11. Ханафи мәзһабына қатысты қолжазбаларды жинақтап, тарихи-классикалық шығармаларды аударып, жариялаумен қатар заман талаптарына сай шығарылған заманауи фиқһ ғалымдарының еңбектерін де ғылыми қолданысқа түсіру.

12. Шет тілдердердегі ислам құндылықтарына насихаттайтын ғылыми, ағартушылық көпшілікке арналған кітаптарды, діни оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарын іріктеп, аудару, сөздіктер құрастыру.

13. Оқытушы-профессорлар құрамының ғылыми жұмысқа деген белсенділігін арттыру, ғылыми, ғылыми-техникалық, инновациялық бағдарламалар мен гранттық байқауларға қатыстыру арқылы университетті біртұтас ғылыми-инновациялық кешенге айналдыру.

14. Студенттер мен жас мамандардың ғылыми потенциалын дамыту, сондай-ақ олардың арасынан неғұрлым қабілетті және дарындыларын университеттің ғылыми-инновациялық жұмыстарына тарту.

15. Орталықтың ғылыми-зерттеу жұмысын бюджетпен және бюджеттен тыс қаржыландыру көздерін іздеу.

ӘБУ ХАНИФА ҒЗО-ның ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ 25 ЖЫЛДЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ ТАРТУЫ!

 

ӘБУ ХАНИФА АТЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСТАРЫ

Университеттің ғылыми жобалары мен гранттары

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті «Қазақстанда діни тұтастықты қалыптастыруда ханафи мәзһабының орны, мән-маңызы: ғылыми мұрасы, қазіргі және оны дамыту стратегиясы» атты ғылыми жобасын жасап, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті 2012-2014 жылдарға арналған ғылыми зерттеулер жүргізуге гранттық қаржыландыруға арналған конкурсын жеңіп алды.

Аталған жоба бүгінгі таңда елімізде сырттан түрлі ислам бағыттар орныға бастады, шет елдерді діни білім алған жастар көбейді. Бұлардың бәрі еліміздің діни-рухани тұтастығына, толерантты, зайырлық жүйесіне белгілі деңгейде қауіп төндірді. Ислам негізіндегі түрлі ағымдар діни-саяси экстремизм және фанатизмді жандандырып, еліміздің тұрақтылығы мен бірлігіне, біртұтастығына, қауіпсіздігіне сілкеу түсірді. Сондай жағдайда халқымыздың сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан Ханафи мәзһабын, матуридия ақидасын қолдап, көпшіліктің игілігіне айналдыру түрлі ағымдарға бөгесін болмақ. Қазақстандық ғұламалардың мол мирасын игеру арқылы қатерге тосқауыл қоюдың ғылыми негізін күшейтуге септігін тигізеді.

Сондай-ақ, орталық университет қаржысы есебінен заман талабына жауап беретін, жаңа тұрпатты арабша-қазақша сөздік жасаумен қатар «Араб дерекөздеріндегі Қазақстан тарихы» атты ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша тарих, география және автобиография салаларын қамтыған араб тілді дереккөздерінен мәтіндер жинақталып, аударылу үстінде.

Дәл қазір Отырар (Фараб), Баласағұн, Түркістан, Сейхун, Жейхун, Сарай, Испиджаб (Сайрам), Кердер, Сығнақ т.б. тарихи-мәдени орталықтары, сол жерден шыққан ғұламалар мен олардың әртүрлі салаларда жазып кеткен еңбектерінің аттары туралы арабша мәтіндерді жинақтау, оларды аудару жұмысы жүріп жатыр.

Сонымен қатар орталық қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге байланысты кітаптар шығаруды және қажетті оқулықтар мен монографияларды дайындауды, қолжазбалар мен діни әдебиеттерді зерттеу мен аудару жұмыстарын қолға алып отыр. Осы бағыттарда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқысы келгендерге қолдау көрсетіп, дайын еңбектерді шығаруға атсалысады.

Орталық университет профессор оқытушы құрамымен бірлесе отырып, БҒМ-ның ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыруға арналған конкурсына «Матуридия калам мектебі: Өкілдері, кітаптары, ұстанымдары»,  «Арабша-Қазақша сөздік» және «Ислам діні және қазақ дәстүрі» тақырыптарында ғылыми жобалар ұсынып отыр.

Мекен-жайы: 050000, Алматы қ., әл-Фараби даңғ., 73.
Байланыс телефондары: тел: +7 (727) 302-09-45, +7 (727) 302-09-40  gzo.nmu@mail.ru