«Ислам ғылымхалы»

Абай атамыздың осы жыр жолдары әрбір ақылды адамды ойландырып, мұсылмандық міндетін орындауға жол сілтеуге толық жеткілікті.

Ақылды адамға иман парыз,
Иманды адамға ғибадат парыз…

Абай атамыздың осы жыр жолдары  әрбір ақылды адамды ойландырып, мұсылмандық міндетін орындауға жол сілтеуге толық жеткілікті. Ал мұсылмандық бес парызым қандай десеңіз, онда «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ұстазы  мен докторанты жазған қос азаматтың «Ислам ғылымхалы» кітабы  сіздің құлшылыққа қатысты сансыз сауалыңызға толық жауап бере алады.

Дін дегеніміз не, не үшін құлшылық жасаймыз, діндегі тазалықтың мәні, намаз, ораза, зекет, қажылық, құрбандық, тіпті аңшылыққа қатысты сансыз сауалдарыңызға ханафи мәзһабы бойынша кеңінен түсіндіріліп жазылған.

Мұхитдин Исаұлы мен Қайрат Жолдыбайұлының «Ислам ғылымхалы»  бірнеше рет басылып шыққан.

«Ислам ғылымхалы»

Құлшылықтың мән-мағынасын аша түсетін кітап қоры 2012 жылы университетіміздің ұстазы Нұрлан Анарбаев пен Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Еркебұлан Қарақұловтың «Ислам ғылымхалымен» толықты.  Фиқһ үкімдерін білуге қызығушылық танытқан барша оқырман қауымға Ханафи мәзһабы бойынша жазылған еңбек діни үкімдердің анықтамаларын берген. Тазалық, намаз, ораза, зекет, қажылық, құрбандық, халал мен харамға қатысты  сан салалы сұрақтарға ұғынықты және мысалдармен кеңінен қамтылып, жауап жазылған. Бұл кітап –  кез-келген мұсылман отбасы үшін құлшылықта жол сілтер сенімді серік болатын рухани қазына.   Кітап «Дәуір» баспасынан жарық көрген.

«Хадис ілімі»

Исламның екінші қайнар көзі болып табылатын  Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  хадистеріне жүйелі талдау жасалады. Сондай-ақ, хадис ілімінің дамуы мен қалыптасуына әсер еткен себептер кеңінен қарастырылады. Хадис  саласында алғашқы кезде жазылған танымал хадис жинақтары туралы мол мәліметтер мен хадистану салалаларының бірі – «хадис терминологиясының ілімі» қамтылады. Еңбек

«Нұр-Мүбарак » Египет ислам мәдениеті университетінің устазы, докторант   Қайрат Құрманбаевтың  бұл еңбегі исламтанушыларға, магистранттар мен студенттерге, жалпы ислам ілімдеріне қызығушылық танытқан оқырман қауымға арналады.  Кітап  екі рет басылым жасалған. «Нұр-Мүбарак» баспасынан  2014 жылы жарық көрді.

«Құран ілімдеріне кіріспе»

Тұщымды ғылыми еңбектерімен елге таныла бастаған жас ғалым Қайрат Құманбаевтың  «Құран ілімдеріне кіріспе»  негізінен оқу құралы болып табылады.  Онда ислам дінінің негізгі қайнар көзі – Құран Кәрімнің түсу жолдары мен жазылып,  жинақталу тарихы қамтылған. Сондай-ақ,  «Құран ілімдерінің тарихы», «Аяттардың түсу себебі», «Насих және мансұх» секілді жекелеген Құран ілімдері хақында мол мәліметтер беріледі. Тәпсір ілімінің қалыптасу тарихы мен негіздері және кейбір тәпсір түрлері қамтылады.

Оқу құралы, магистранттар мен студенттерге, исламтанушылар мен дінтанушыларға және ислам іліміне қызығушылық танытқан оқырман қауымға арналады.  Кітап «Нұр-Мүбарак» баспасынан 2013 жылы жарық көрген.

«Сығанақ саңлағы»

Орта ғасырларда  қазақ даласында ислам діні өркендеп, ғылым мен білім дамып, көптеген ғұламалар шықты. Олардың барлығы бүгінде зерттеу мен зерделеуді қажет ететін қазыналар. Ал сол рухани қазынамыздың бірегейі Сығанақтан шыққан Хұсам ад-дин ас-Сығанақи.  Хұсам ад-дин ас-Сығанақи деген кім? Оның қандай еңбектері бар? Ол қай ғасырда өмір сүрді?  Міне бұл сауалдарға филология ғылымдарының докторы, профессор Шамшәдин Керім мырзаның  «Сығанақ саңлағы» атты монографиясынан  жауап таба аласыздар. Хұсам ад-Диннің бұрын сөз болмаған  «ән-Ниһая», «ат-Тасдид» сынды еңбектері қолжазбалар негізінде сипатталып, ғылыми айналымға енгізілген. Сондай-ақ ойшылдың әлем кітапханаларында сақталған еңбектерінің қолжазбалары туралы мәліметтер бірінші рет түгенделіп, жинақтала ұсынылған.  Монография 2012 жылы «Нұр-Мүбарак» баспасынан жарық көрді.

«Діни білім – дін діңгегі»

Шыны керек, кеңестік дәуірде діни білімді айтпағанда, дін туралы айтудың өзі қауіпті жағдай еді. Ал тәуелсіздік алған кезден бастап  дінімізге ерік берілсе де діни білім алуға көпшіліктің жаппай аңсары ауа қоймады. Тек жекелеген адамдар ақиқат ілімнің жолында шет ел асып, бағыты мен бағдары еліміздің ұстанымына жат оқу орындарын сауғалады.  Ақиқат діннің асылы барлық адамзатқа бір болса да, әр елдің салт-сана, табиғатына сәйкес ұстаным айырмашылықтары болатындығы тарихтан белгілі. Сондықтан,  түрлі жат елден ілім алған жастардың елге келіп,  «Бисмилләсін» аузынан тастамайтын  қарапайым жұртты әрі-сәрі күйге ендіре бастады. Осындайда, ежелден туған жерге ислам дінінің туын тіккен еліміздің арқа сүйер азаматтары  білім мен ғылымды  сненім өзегіне серік еткен Әбу Ханифа мазһабын ұстанған ұлағатты қоғам қалыптастыруды  қолға алды.  «Нұр-Мүбарак» университеті ашылып,  діни оқудың тек жеке бас үшін ғана емес қоғам үшін маңыздылығы мен артықшылықтары айтыла бастады. Елімізде алғаш «Исламтану» мамандығы  мемлекеттік стандарттарға еніп, арнайы грант бөліне бастады. Осының барлығы не үшін? Осындай заман ағымына сай қоғамдағы діни сауалдарға  филология ғылымдарының докторы, профессор  Ш.Т.Керім мырзаның «Діни білім – дін діңгегі» атты кітабынан жауап таба аласыз. 2012 жылы «Нұр-Мүбарак» баспасынан жарық көрген еңбекте   «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры Шамшәдин Керімнің републикалық мерзімді басылымдарға жарияланған мақалалары мен сұхбаттары, конференцияларда жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері топтастырылған. Жинақ исламтанушы, дінтанушы мамандығы бойынша білім алушылармен қатар көпшілік қауымға арналған.

«Араб баспасөзінің тілі»

Араб тілі – Құран тілі, ғылым тілі. Араб тілі әлемдегі ең бай әрі көркем де сан-салалы, яғни күрделі тілдердің қатарына жатады. Сондықтан, бұл тілді меңгеру – ғылыми әлемнің  бір тұтқасын ұстағанмен тең. Ал уақыт өтіп, заман озып, қоғам дамыған сайын тілге де жаңа сөздер еніп, күрделене түсетіні белгілі. Әрі әр саланың өзіне тән тілдік қоры болатындықтан, қазіргі заманғы араб баспасөзінің  тілін меңгеру де маңызды мәселелердің бірі. Филология ғылымдарының докторы, профессор Шамшәдин Керім мен Махмуд Фуадтың «Араб баспасөзінің тілі» атты кітабы  студенттерге араб мерзімдік басылымдарын оқып түсінуге, аударуға, сөздік лексикасын меңгеріп, қолдануға машықтандыру әрі жаттықтыру мақсатында пайдаланылады.  Негізінен шығыстану, шет тілі; екі шет тілі, аударма, аймақтану, халықаралық қатынастар мамандықтарына арналған.

Оқу құралы «Нұр-Мүбарак» баспасынан 2008 жылы жарыққа шыққан.