Новости

БИЫЛ ЖОО-ға ТАЛАПКЕРЛЕР ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРДІ

13/04/2021

Қазіргі пандемиялық жағдайларға сай 2021-2022 оқу жылына жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібі де өзгерді. Қазақстан Респбуликасы Білім және ғылым министрілгі тарапынан жаңа оқу жылына талапкерлер қабылдау тәртібі, емтихан формасы және магистратура мен докторантураға түсушілер үшін де көптеген өзгерістер енгізілген. Осыған орай Нұр-Мүбарак университетінің Оқу-әдістемелік басқарма басшысы Мұратхан Махмет мырзамен жан-жақты сауалдарға жауап алған едік.

  • Мұратхан мырза, талапкерлер үшін ең маңызды сауалдан бастасақ. Биыл жоғары оқу орнына студент болу үшін, яғни бакалавриат білім беру деңгейіне құжат қабылдау қалай болмақ?
  • Құжат қабылдау былтырғыдай онлайн форматта болады, яғни талапкер әуелі Ұлттық бірыңғай тестілеу үшін 15 сәуірден 30 маусымға дейін http://app.testcenter.kz/ сайты арқылы онлайн өтінім береді. Ал ҰБТ биыл алғаш рет электрондық форматта өтеді. Бұл ҰБТ мектепті бұрын бітірушілер мен колледж, медресе түлектеріне байланысты.

 

  • Талапкерлер сайтқа қалай тіркеледі және қандай мәліметтерді енгізуі керек?
  • Талапкерлердің сайт арқылы ҰБТ-ға онлайн өтінім беруі жеті тәртіптен тұрады:
  • Аталған сайтты іске қосу үшін талапкер браузерге http://app.testcenter.kz/ мекен-жайын енгізіп, ашылған сайттан талапкер өзіне ыңғайлы қазақ немесе орыс тілін таңдайды.
  • Тіл таңдалғаннан кейін талапкердің ҰБТ-ға тіркелу парақшасы ашылады. Парақшаға талапкер өзінің электрондық поштасын енгізіп, тіркелуді бастайды;
  • Талапкер көрсетілген электронды пошатаға келген хатты ашып, құпия сөзді алады және берілген сілтеме арқылы тіркелу бетіне өтеді. Ескерте кететін жәйт, келген хат «кіріс» жәшігінде болмаса «спам» жәшігінде тұруы мүмкін.
  • Тіркелу бетіндегі ЖСН-ді теріп, толық аты-жөнін автоматты түрде енгізеді;
  • Талапкер сайттың сол жақ үстіндегі «Менің парақшам» тіркелу бетінде өзінің аты-жөнін, ЖСН-ін және байланыс телефонын енгізеді.
  • «Өтініш беру» бетіне өтіп, тестіленушінің санатын таңдайды, сосын талапкердің азаматтығы, ұлты, жынысы, байланыс нөмері, бар болған жағдайда шет тілін меңгеруі туралы сертификат енгізіледі. Одан кейін талапкерлердің оқу орны, бейіндік және таңдау пәндері, тест тапсыру орны мен уақыты таңдалады. Соңында, тестілеу барысының ережесімен келісіп, өтініш беру батырмасын басып, бірінші кезеңді аяқтайды.
  • Өтініш дұрыс берілген жағдайда, тестке қатысу үшін төлем жасалады. Ағымдағы жылы тестке қатысу құны 2 142 теңге. Мұны талапкер KASPI қосымшасымен төлем жасағаннан кейін өтішіш беру мәртебесі «тіркелді» болып өзгереді. Бұл талапкердің өтініші қабылданғанын білдіреді.

 

  • Биылғы ҰБТ қалай өтеді деп күтілуде?
  • Биылығы ҰБТ «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидаты бойынша электрондық форматта ұйымдастырылады. Аудиторияны қадағалайтын камералардан басқа, тестіленуші отыратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Прокторинг пен бейнебақылаудың заманауи жүйесі және ҰБТ-да бөгде адамдарды болдырмау үшін Face ID цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады.

Ережелердің сақталуын арнайы компьютерлік бағдарлама бақылайды, Ол тыйым салынған заттарды қолдану фактілерін автоматты түрде анықтайды. Егер ҰБТ тапсыру кезінде талапкердің смартфон, шпаргалка және т.б. тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады, тестіленушінің нәтижелері жойылады.

Тестілеу процесін қосымша ахуалдық орталық бақылайды. Сондай-ақ ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ҰБТ-ны өткізу рәсіміне ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Арнайы мониторингтік тобы мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері шақырылатын болады.

 

  • Биылғы ҰБТ-да талапкерлер үшін қандай жеңілдіктер қарастырылып отыр?
  • Биыл университетке түсу үшін көп жеңілдіктер мен мүмкіндіктер қарастырылған. Айталық:
  • Биыл талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі рет тапсыра алады. Яғни талапкер сәуірдегі тестілеуден алған бағасына көңілі толмаса, бірнеше күннен кейін немесе мамыр не маусым айларында ҰБТ-ны екінші рет тапсыру мүмкіндігі болады. Грант конкурсына осы екеуінің ең жоғары балын ұсына алады;
  • ҰБТ-да қатысушылар тапсырмаларды кез келген пәннен бастай алады. Сондай-ақ тестілеу аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарды түзетуге болады.
  • Сонымен бірге, тестілеудің 60 минутынан кейін оқушыларға көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін екі минуттық үзіліс, 120 минуттан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі.
  • ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Тестілеу қорытындысы бойынша жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады.
  • ҰБТ нәтижелерімен келіспеген жағдайда талапкер келесі күнді күтпей-ақ апелляцияға өтініш бере алады.
  • Нұр-Мүбарак университетіне қабылдаудың тәртібінде өзгерістер бар ма?
  • Нұр-Мүбарак университетіне талапкер қабылдаудың тәртібінде өгерістер жоқ. Айталық, «Дінтану және теология» білім беру бағдарламалар тобындағы Исламтану, дінтану және теология білім беру бағдарламаларына қабылданушы үміткер ҰБТ-дан кейін 2 шығармашылық емтихан тапсырады. Университетке қабылданудың ең төменгі балы – 50.

Ал «шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасына түсуші үміткер таңдау пәні ретінде ҰБТ-да ағылшын тілі мен дүниежүзі тарихын таңдайды. Аталған мамандықтың өту балы -75.

 

  • Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қарасты медресе-колледж түлектері университетке қалай қабылданады?
  • ҚМДБ қарасты медресе-колледж түлектері Исламтану, дінтану және теология білім беру бағдарламаларына қысқартылған формамен оқуға қабылдана алады. Ол үшін талапкер ҰБТ-да «Қазақстан тарихы» бойынша бір пәннен, Нұр-Мүбарак университетінде «Дін негіздер» бойынша бір пәннен ауызша емтихан (шығармашылық емтихан) тапсыруы шарт.
  • Егер медресе-колледж түлегі тек ақылы бөлімге түскісі келсе, ешқандай емтихансыз сұхбат арқылы қабылдана алады.
  • Келесі сұрағымыз, Магистратура мен докторантура деңгейлерінің қабылдау тәртібі туралы болмақ. Осы туралы өзгерістер мен ерекшеліктер туралы айта кетсеңіз?
  • Магистратураға кешенді тестілеуге өтініш ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы 1 маусым – 15 шілде аралығында қабылданады. Кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша куәлік электронды түрде тестіленушінің жеке кабинеті арқылы беріледі.

Магистратураға кешенді тестілеу 20 шілдеде басталып, 10 тамызға дейін жалғасады. Араб тілі бойынша және шығармашылық емтихандар 16-25 шілде аралығында өтеді.

Сондай-ақ биыл докторантураға түсу ережелерінде бірқатар өзгеріс бар. Докторантураға қабылдау емтиханы алғаш рет тестілеу орталықтарының базасында дербес компьютер арқылы электрондық форматта өтеді. Өткен жылы бұл тәсіл магистратураға қабылдау кезінде қолданылды. Бұл – қабылдау емтихандары тек тестілеу форматында өтеді деген сөз емес. Болашақ докторанттар бекітілген тақырыптар бойынша эссе жазады. Қабылдау емтиханының қорытынды бағасы эссе, докторантурада оқуға дайындық тесті және бейінді емтихан бағаларының жиынтығынан құралады.

Докторантураға өтініш қабылдау 3 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін

Жалғасып, ал емтихандар 4-20 тамыз аралығында өтеді. Магистратура және докторантураға қабылдау шарасы толығымен 28 тамызда аяқталады.

  • Магистратура мен докторантураға түсуге қажет халықаралық сертификаттар тізімі биыл қалай бекітілді?
  • Магистратураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін халықаралық сертификаттарды ұсынуға немесе кешенді тестілеу (КТ) барысында шет тілінен тест тапсыруға болады.

Магистратураға түсу үшін қажет халықаралық сертификаттар тізімі:

  • IELTS – 6.0
  • IELTS INDICATOR – 6.0
  • TOEFL ITP – 543
  • TOEFL IBT – 60
  • TOEFL PBT – 498

Ал, докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін шет тілін меңгергендігін растайтын сертификат міндетті болып табылады.

Докторантураға түсу үшін қажет халықаралық сертификаттар тізімі:

  • IELTS – 5
  • IELTS INDICATOR – 5.5
  • TOEFL ITP – 460
  • TOEFL IBT – 46
  • TOEFL PBT – 453

Ескерте кететін жәйт, өткен жылы жарамды деп саналған Duolingo English Test 2021-2022 оқу жылына магистратура мен докторантураға түсу кезінде шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттар тізімінен шығарылады.

  • Талапкерлердің университетпен кері байланысы қалай ұйымдастырылады?
  • Жаңа оқу жылына талапкерлер қабылдаудың тәртібі мен қабылдау үдерісі тұрақты түрде университеттің сайты (www.nmu.kz) мен ресми әлеуметтік желілерінде хабарланып отырады. Сондай-ақ талапкерлердің сұрақтарына уақытылы жауап берілуі үшін арнайы call-center іске қосылды. Талапкерлерде қандай да бір сұрақ туындаған жағдайда, 8777-3020966 нөмеріне телефон шалуына немесе 8700-3020930 нөмері арқылы WhatsApp желісіне хабарлама жіберуіне болады.

 

  • Құнды ақпараттарыңыз бен сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін сізге зор алғыс білдіреміз!

 

Сұхбаттасқан: Айша Кеңесбай

Похожие новости