Уа, жарандар, халайық,
Наурыз думан басталды,
Жарапазан жыры бар.
Жауқазындай наурызға
Бір сәт зейін салайық.
Есік ашып, шашу шашып,
Ел боп қарсы алайық,-деп басталған Ұлыстың ұлы күні Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде ән-күйден де, жыр-толғаудан, тәтті-пұттыдан да шашу шашылған күн болды.
Жуанның жіңішкеріп, ұзынның қысқарып, күн ұзарып ақтың молайған бұл береке бастау болған мерекенің нышанын университет ауласына тігілген қазақтың киіз үйінен аңғару қиын емес еді.
Шашу шашылып, басталған мерекені университет ректоры, доктор, профессор Жуда Абдулғани Басюни мырза мен проректор, профессор Шамшәдин Керім мырзалар құттықтау сөзбен мерекенің маңыздылығымен қатар университеттің алдағы жоспарларына да тоқталып өтті.